Қызылордада қазақ театртану ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті сыншы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі ашылды.
Мәдени шара дәстүрлі қызыл кілем шеруімен басталып, оған театр өнерінің өкілдері, қазылар алқасы, арнайы шақырылған қонақтар және еліміздің түрлі аймақтарынан келген шығармашылық топтар қатысты.
Фестивальдің ашылуында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай құттықтау сөз сөйлеп, Бағыбек Құндақбаевтың ұлттық театр өнері мен театртану ғылымындағы орнына тоқталды. Профессордың ғылыми еңбектері мен кәсіби қызметі қазақ сахна өнерінің тарихын зерттеуге және оның дамуына үлкен үлес қосқаны атап өтілді.

Салтанатты жиын барысында Гүлжамила мен Күлипа Бағыбекқызына ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетілді. Одан кейін мерекелік бағдарлама жергілікті өнерпаздар мен театр әртістерінің концерттік қойылымдарымен жалғасты.
Фестиваль қонақтарына профессордың өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған арнайы көрме де ұсынылды. Көрме төрінен оның өмір жолын бейнелейтін фотосуреттер, ғылыми еңбектері және қазақ театртануының қалыптасуы мен өркендеуіне қосқан үлесін танытатын тарихи материалдар орын алды.
Алты күнге жоспарланған фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген 10 театр ұжымы қатысады. Өнер ұжымдары өздерінің таңдаулы спектакльдерін ұсынып, сахналық шеберлігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетеді. Көрермендер түрлі тақырыптағы қойылымдарды тамашалап, отандық театр өнерінің бүгінгі тынысымен таныса алады.
Қызылордада өтіп жатқан республикалық фестиваль — театр ұжымдарының тәжірибе алмасуына, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және ұлттық сахна өнерінің дамуына ықпал ететін маңызды мәдени оқиға.
Профессор Бағыбек Құндақбаевтың мерейтойына арналған бұл өнер додасы оның мол мұрасын кейінгі ұрпаққа танытып қана қоймай, қазақ театрының дәстүрі мен заманауи шығармашылық ізденістерін тоғыстыратын рухани алаңға айналмақ.









