Қызылорда қаласында Арал өңірінің экологиялық жағдайына назар аудару, табиғи ортаны қорғау және еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының салтанатты ашылуы өтті.
Экологиялық бастама БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылып, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған ортақ іс-қимылды күшейтуді көздейді,
Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Наурызбай Байқадамов қатысты. Сонымен қатар Қазақстанның 10 өңірі мен Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 100 волонтер, сондай-ақ облыстағы 500-ден астам студент пен белсенді жас бас қосты.

Салтанатты жиында Данияр Жаналинов қатысушыларға ізгі тілегін жеткізіп, волонтерліктің қоғам үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, «GREEN ARAL» бастамасы табиғатқа жауапкершілікпен қарауға, экологиялық сананы қалыптастыруға және Арал өңірінің мәселелерін бірлесіп шешуге үндейді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арал тағдырының халықаралық деңгейдегі өзектілігін атап өтіп, қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді. Сондай-ақ Сыр еліне келген қонақтарға сәттілік тілеп, олардың бастамалары нәтижелі болуына ниет білдірді.
Салтанатты рәсім барысында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова да сөз сөйлеп, еріктілердің бастамаларын қолдау мен азаматтық белсенділікті арттырудың маңызын атап өтті. Ал «Ұлттық волонтерлік желі» төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Вера Ким Кеңес төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Халықаралық апталықтың бағдарламасы жастардың тәжірибе алмасуына, экологиялық жобаларды ілгерілетуіне және түрлі елдерден келген еріктілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырады. Негізгі іс-шаралар Арал ауданында жалғасады.
Апталық бағдарламасы аясында жастардың өзара байланысын нығайтып, тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік беретін «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слеті де ұйымдастырылды.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы экологиялық мәселелерді шешуге бейжай қарамайтын жастарды, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестерді ортақ мақсат төңірегіне біріктіреді. Бастама Арал өңірінің табиғи байлығын сақтауға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және волонтерлік мәдениетті кеңінен дамытуға бағытталған.










